Маңғыстауға 20 жылда алғаш рет 115 арнайы техника жеткізілді
Мемлекет басшысының тапсырмаларын және республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасын іске асыру аясында Маңғыстау облысында соңғы 20 жылда алғаш рет коммуналдық арнайы техника паркі жаңартылды. Бүгін, 22 шілдеде өңірдің барлық қала және аудандарындағы коммуналдық кәсіпорындарға елді мекендерді санитарлық тазалау, абаттандыру және күтіп ұстауға арналған 115 бірлік заманауи арнайы техника табысталды.
30 Июль 16:28
GService.kz`
59
1 мин чтения
Ақтау қаласында өткен техника тапсыру рәсіміне Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай қатысты.
Коммуналдық қызметтердің материалдық-техникалық базасын нығайту мақсатында Маңғыстау облысының әкімдігі «КАМАЗ Инжиниринг» АҚ-мен 115 бірлік арнайы техника жеткізу туралы келісім жасасты.
Техника өңірдің барлық қалалары мен аудандарына бөлінді. Атап айтқанда, Ақтау қаласына — 24, Жаңаөзенге — 27, Бейнеу ауданына — 14, Мұнайлы және Маңғыстау аудандарына — 13-тен, Қарақия және Түпқараған аудандарына — 12 бірліктен техника берілді.
Маңғыстау облысының барлық қала және аудандарындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорындардың автопаркі жаңа арнайы техникалармен толықты. Олардың қатарында қоқыс таситын көліктер, жол тазалау және вакуумдық машиналар, самосвалдар және елді мекендерді санитарлық тазалау мен абаттандыруға арналған басқа да техникалар бар.
«Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау және “Таза Қазақстан” бағдарламасын жүзеге асыру — өңіріміз үшін басым бағыттардың бірі. Осы мақсатта облыстың барлық қалалары мен аудандарында елді мекендердің санитарлық тазалығын қамтамасыз ететін мемлекеттік коммуналдық кәсіпорындар құрылды. Бүгін осы кәсіпорындарға 115 бірлік жаңа арнайы техника табысталды
Заманауи техника санитарлық тазалау жұмыстарын сапалы жүргізуге, көшелер мен қоғамдық орындарды тәртіпте ұстауға және тұрғындар үшін қолайлы орта қалыптастыруға мүмкіндік береді», — деді Нұрдәулет Қилыбай.